Связаться
Редакция

Ивент9 октября 2025Серия · часть 2 из 2

Backstreet Boys, ең жоғары жүктемелер және теңгерімдеу өнері: Halyk Bank-тің Highload fintech митапында не талқыланды?

Қазақстанда Rocket Tech-пен бірлесіп финтехтегі жоғары жүктемелер тақырыбына арналған Halyk Tech Sprints сериясының екінші АТ-митапы өтті.

Банкинг пен инфрақұрылымды дамыту бойынша жетекші мамандар банктің цифрлық сервистерінің 24/7 режимінде тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін кейстерімен және тәжірибелерімен бөлісті.

«Банкте сенің жұмысың бірден жоғары жүктемеге түседі – бірдеңені нашар жасау мүмкін емес»

Лездік төлемдер, ыңғайлы сатып алулар және бірнеше секунд ішіндегі авторизация – кез келген заманауи банк жоғары жылдамдықта жұмыс істеуі тиіс. Алайда, ондаған мың транзакциялар мен операцияларды тоқтаусыз режимде өңдеу тек жоғары жүктемелі Highload-жүйелердің ғана қолынан келеді.

Halyk-та 185 цифрлық сервистің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін түрлі технологиялар мен тәсілдер қолданылады. Мысалы, микросервистік архитектура, деректер орталықтары арасындағы жүктемені теңгерімдеу, дерекқорларды оңтайландыру және т.б.

«Банктегі әзірлеудің маған ұнайтын тұсы – сенің барлық жұмысың бірден жоғары жүктемеге түседі, сондықтан бірдеңені нашар жасау мүмкін емес. Біздің Halyk SuperApp қосымшасында 11,1 млн белсенді пайдаланушы бар, ал барлық цифрлық сервистердің қолжетімділігі – бүкіл АТ-команда тиімділігінің басты көрсеткіштерінің бірі. Бірнеше жыл бұрын біз барлық өнімдеріміздің жұмысындағы іркілістер бойынша KPI бекіттік, сондай-ақ операцияларды өңдеу жылдамдығын есепке аламыз. Бұл ретте АТ-жүйелер мен инфрақұрылымды үнемі жақсартпай, жоғары жүктемелерге төтеп беру және бизнес талаптарына жауап беру мүмкін емес», – деп банк басқарушы директоры Руслан Серазитдинов митап қатысушыларымен амандасты.

Роман Третьяков
Роман Третьяков

Бір қарағанда, авторизация – кез келген банкте бар базалық сервис, бірақ оның қарапайымдылығының артында бүкіл жүйеге түсетін жоғары жүктемелер жатыр. Әсіресе, қызметтерді бір уақытта жүз мыңдаған клиент пайдаланғысы келген кезде. Негізгі банктік сервистерден бөлек, авторизация сақтандыру, market, travel, kino.kz және т.б. қоса алғанда, Halyk SuperApp-тың барлық өнімдерін қамтиды. Бұл Halyk ID BaaS-сервисі арқылы серіктестік экожүйелермен интеграцияларды есептемегенде.

Halyk SuperApp департаменті директорының орынбасары Николай Сулимовтың айтуынша, АТ-командаға жүктемелердің артуын тіркеуге көптеген метрикалар көмектеседі. Сондай-ақ мамандар сұраулар кезегін, қателердің пайда болуын және т.б. бақылайды.

Николай Сулимов
Николай Сулимов

«Неліктен авторизация әрқашан бірінші болып бұзылады? Төлем жасасаңыз да, концертке билет сатып алсаңыз да – кіру нүктесі өзгермейді. Мұның бәрі ең жоғары трафик болатын бір ғана сервисте орындалады. Дауылға алдын ала дайын болу керек. Маркерлер бойынша біз осал тұстарды анықтаймыз, ең жоғары жүктемелер жағдайына инфрақұрылымды кеңейтеміз және команданы оқытамыз. Сондай-ақ сервистердің шекті мәндердегі жұмысын бағалау үшін жүйелі түрде жүктемелік тестілер жүргіземіз және ресурстарды оңтайландырамыз», – деді Николай Сулимов.

Backstreet Boys: бәріне үлгеру

Келесі баяндама шілде айында Kino.kz сервисі арқылы Алматыдағы Backstreet Boys концертіне билеттер сатылымының басталуына арналды. Инновациялық технологиялар департаменті директорының міндетін атқарушы Кирилл Фролов атап өткендей, 50-60 мың адамның күрт ағылуына байланысты сервистің істен шығуын болдырмауға бірнеше алдын алу шаралары көмектесті:

Кирилл Фролов
Кирилл Фролов
  1. Сұрауларды өңдеуді тездету үшін процессорлық қуатты (CPU) және ұлғайған деректер көлемін өңдеу үшін жедел жадты (RAM) кеңейту.
  2. Kino.kz АТ-командасының күшімен код пен сұрауларды оңтайландыру.
  3. Платформадағы басқа сатылымдарды бұғаттамау үшін жеке лендингте цифрлық кезекті іске қосу және концертке билет сатып алушыларды жеке санатқа топтастыру.
  4. Кезекті айналып өтуге жол бермейтін антифрод-шаралар.
  5. Ойланып қалған, бірақ басқаларды бөгейтін адамдарды кезектен шығару үшін жүйедегі әрбір пайдаланушыға уақытша лимит енгізу.
  6. Билеттерді сатып алу кезінде платформада бір уақытта болатын пайдаланушылар санына шектеу қою.
  7. Клиенттердің күту уақытын қызықты ету үшін пысықталған UX. Әзірлеушілер лендинг-парақшаға топтың әндері мен ұжым туралы қызықты фактілерді қосты. Бұл ретте клиенттер кезектегі өз орнын және оның жылжу жылдамдығын көре алды.

«Жалпы алғанда, біз қалыпты жұмыс режимімен салыстырғанда kino.kz платформасының ресурстарын 100%-ға арттырдық. Технологиялар стегін қарапайым етіп таңдадық – қосымшалар үшін Go тілі, өйткені бұл бағытта бізде сараптама көп. Фронтендте қосымшаларды жылдам іске қосу үшін NuxtJS, ал күйді сақтау үшін Redis дерекқорын пайдаландық. Біздің жүйе сатып алушыларды кезек күтетін жеке лендинг-парақшаға автоматты түрде бағыттап, әр 5 секунд сайын билеттерді сатып алу мәртебесін тексеріп отырды. Нәтижесінде жүйе төтеп берді және біз алғашқы екі күнде билеттердің 80%-ын сәтті саттық», – деп бөлісті Кирилл Фролов.

Теңгерімдеу өнерінен мультибұлтқа дейін

Митаптың екінші бөлігіндегі баяндамалар физикалық және бұлтты инфрақұрылымға қатысты болды. АТ-инфрақұрылым департаменті директорының орынбасары Олег Ивакиннің пікірінше, жоғары жүктемелі жүйелер үшін барлық сұрауларды өңдеуге қолда бар ресурстардың жеткіліксіз болу жағдайы тән. Бірақ бір үлкен сервер сатып алу да шешім емес.

Олег Ивакин
Олег Ивакин

Сарапшы АТ-инфрақұрылымды масштабтаудың екі тәсілін атап өтті – тік және көлденең. Біріншісі жабдықтың көмегімен өнімділік пен қуатты кеңейтуді білдіреді. Ал екіншісі кэштер – деректер көшірмелерінің уақытша қоймалары есебінен сұрауларды өңдеуді тездетеді.

«Тиімді масштабталу үшін теңгерімдеу қажет, әйтпесе одан пайда болмайды. Бұл үшін біз сұрауларды басқарудың түрлі технологияларын қолданамыз. Мысалы, қосылымдар ағынын серверлер бойынша жылдам әрі тиімді тарататын L4, сондай-ақ сұрауларды толығырақ талдау және оларды қажетті сервистерге жіберу үшін L7. Сондай-ақ әртүрлі локациялардағы бірнеше деректер орталығынан тұратын желіні бірыңғай жүйе ретінде басқару үшін VxLAN-фабрикасы тәсілін қолданамыз. Сонымен қатар нақты уақыт режимінде міндетті мониторинг жүргіземіз», – деп атап өтті Олег Ивакин.

Алексей Калинников
Алексей Калинников

Заманауи банктік жүйелер тек физикалық қана емес, сонымен қатар бұлтты инфрақұрылымға да сүйенеді. Halyk Kazteleport басқарма төрағасының орынбасары Алексей Калинниковтың қорытынды баяндамасы қандай жағдайларда multi-cloud-қа көшу керектігіне және әртүрлі бұлттар арасында жүктемені бөлудің қандай артықшылықтар беретініне арналды.

Ещё материалы

Отправить запрос Расскажите, что нужно довести до работы в банке — менеджер свяжется с вами.
ТЗ или презентация, до 10 МБ